457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Анна Данилина Australian Open-2026 турнирінің жартылай финалына шықты

Бір сағат 38 минутқа созылған матчта Анна Данилина мен Александра Крунич 6 брейк-пойнттың барлығын сәтті пайдаланып, 1 эйс орындады

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Australian Open–2026 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Ширек финалда қазақстандық-сербиялық дуэт жарыстың басты фавориттері – чехиялық Катержина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсендті сенсациялық түрде жеңді.

Кездесу Данилина мен Круничтің айқын басымдығымен басталды. Алғашқы сет небәрі 31 минутта 6:2 есебімен аяқталды. Екінші партияда қарсыластар қарқынын арттырып, есепті теңестірді – 3:6. Алайда шешуші үшінші сетте қазақстандық-сербиялық жұп толық үстемдік көрсетіп, 6:0 есебімен жеңісті жұлып алды.

Бір сағат 38 минутқа созылған матчта Анна Данилина мен Александра Крунич 6 брейк-пойнттың барлығын сәтті пайдаланып, 1 эйс орындады. Ал Синякова мен Таунсенд 5 мүмкіндіктің тек екеуін ғана жүзеге асырды.

Айта кетейік, Катержина Синякова – жұптық сындағы әлемнің бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 10 дүркін чемпионы, екі мәрте Олимпиада чемпионы және WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы. Оның серіктесі Тейлор Таунсенд те бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы атанып, «Үлкен дулыға» турнирлерін екі рет жеңіп алған.

Жартылай финалда Анна Данилина мен Александра Крунич канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефани жұбына қарсы кортқа шығады. Бұл дуэт ширек финалда турнирдің 3-ракеткалары – тайбэйлік Се Шувэй мен латвиялық Елена Остапенконы 6:1, 7:6 (7:5) есебімен жеңген болатын.

Фото: Koji Watanabe/Getty Images