Қазақстандық теннисші Анна Данилина WTA жұптық рейтингінде 10-орыннан 7-сатыға көтеріліп, мансабындағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұған дейінгі рекорды – 8-орын еді. Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге WTA 1000 Doha турнирінде чемпион атанған болатын. Крунич те рейтингте 14-тен 12-орынға көтерілді. Осы аптада қазақстандық-сербиялық жұп WTA 1000 Dubai жарысында өнер көрсетеді.
Жұптық рейтингте бельгиялық Элизе Мертенс көш бастап тұр. Екінші орында – чехиялық Катержина Синякова, үшінші сатыда – америкалық Тэйлор Таунсенд.
Басқа қазақстандықтардың көрсеткіші: Юлия Путинцева жұптық сында 106-дан 110-ға төмендеді, ал Жібек Құламбаева 137-ден 136-орынға көтерілді.
Жекелей рейтингте көш басында – Арина Соболенко, екінші орында – Ига Швёнтек. Қазақстандық Елена Рыбакина үшінші сатыда тұр.
Сонымен қатар, Юлия Путинцева 70-тен 78-ге, Зарина Дияс 290-нан 293-ке, ал Жібек Құламбаева 388-ден 390-ға сырғыды.
Фото: ҚТФ