Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аделаидада (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Турнирде 4-ракетка болып тіркелген қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы матчта чехиялық Тереза Валентова – Маркета Вондроушова жұбын жеңді. Кездесу үш сетке созылып, 6:3, 6:7 (5:7), 11:9 есебімен аяқталды.
Бір сағат 40 минутқа жалғасқан матчта Данилина – Крунич 2 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал қарсыластар 7 брейк-пойнттың екеуін ғана іске асырды.
Анна Данилина мен Александра Круничтің ширек финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Айта кетейік, бұл турнирде жекелей сында қазақстандық Юлия Путинцева да бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда әлемнің 94-ракеткасы, мажарстандық Далма Галфимен кездеседі.
Фото: ҰОК