2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, әлемнің 14-ракеткасы Даниил Медведев Almaty Open ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ресейлік теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингтің 138-сатысында тұрған аустралиялық Джеймс Даквортпен кездесіп, үш сетке созылған тартысты ойында жеңіске жетті — 6:7 (8:10), 6:3, 6:2.
«Бүгінгі матчта мен де, қарсыласым да өте жоғары деңгейде ойнадық. Тай-брейкте сәл жақсырақ өнер көрсете алар едім, бірақ теннисте ондай сәттер болып тұрады. Кездесудің өзі өте тартысты өтті, жеңіске жеткеніме қуаныштымын», — деді Медведев ойыннан кейінгі сұхбатында.
Осылайша, Даниил Медведев спорттық мансабында ATP турнирлеріндегі 40-финалына шықты. Бұл көрсеткіш бойынша ол қазіргі белсенді теннисшілер арасында тек Новак Джоковичтен кейін екінші орында тұр.
Фото: ҚТФ