Әлемнің бірінші ракеткасының құрметіне астероидқа есімі берілді
Италиялық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнердің құрметіне астероидқа оның есімі берілді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Халықаралық астрономиялық одақтың кіші аспан денелерінің атауларын бекіту жөніндегі жұмыс тобы Марс пен Юпитер арасындағы негізгі астероид белдеуінде орналасқан аспан денесіне ресми түрде Янник Синнердің есімін беру туралы шешімді мақұлдады.
Енді астероидтың ресми атауы – (120097) Janniksinner.
Аталған астероид 2003 жылдың 10 наурызында Италияның Абруццо өңіріндегі Кампо-Императоре обсерваториясында италиялық астрономдар тобы тарапынан ашылған. Оған теннисшінің есімін беру бастамасын астероидты алғаш ашқан астрономдар Фабрицио Бернарди мен Маура Томбелли көтерген.
Астрономдардың айтуынша, бұл шешім тек спорттағы жетістіктері үшін ғана емес, Синнердің өмірлік ұстанымы мен адами қасиеттерін құрметтеу мақсатында қабылданған.
– Біз бұл астероидты Янник Синнердің құрметіне атауды жөн көрдік. Ол Италияны әлемдік теннис шыңына шығарып қана қойған жоқ, сонымен қатар табандылықтың, әділ ойынның және өз ісіне адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді, – деді бастама авторлары.
24 жастағы Янник Синнер қазіргі таңда әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Оның еншісінде жекелей сындағы 29 ATP турнирінің жеңісі бар. Сонымен қатар ол «Үлкен дулыға» турнирлерінде төрт мәрте топ жарып, ATP қорытынды турнирінде екі рет чемпион атанған.
Фото: Getty Images
Әлем чемпионаты: Кабо-Верде қақпашысы әлеуметтік желіде бір тәуліктен астам уақытта 12 миллионға жуық оқырман жинады
Ең көп оқылған