Александр Зверев алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алды
Германиялық теннисші Александр Зверев мансабында алғаш рет «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің чемпионы атанды. Ол Парижде өткен «Ролан Гаррос» турнирінің финалында италиялық Флавио Коболлиді бес сетке созылған тартысты матчта жеңді.
Финалдық кездесуде турнирдің екінші нөмірлі ракеткасы атанған Зверев 6:1, 4:6, 6:4, 6:7 (5:7), 6:1 есебімен басым түсті. 4 сағат 19 минутқа созылған матчта неміс теннисшісі шешуші сетте қарсыласына мүмкіндік бермеді.
29 жастағы Зверев үшін бұл – мансабындағы 25-титул және «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі алғашқы жеңіс. Ол соңғы 30 жылда ерлер арасындағы жекелей сында «Үлкен дулыға» жарығында топ жарған алғашқы неміс теннисшісі атанды. Бұған дейін Германиядан соңғы чемпион болған Борис Беккер 1996 жылы Австралия ашық чемпионатын жеңген еді.
Зверев бұған дейін үш мәрте «Үлкен дулыға» финалында жеңіліс тапқан болатын. Ол 2020 жылы US Open финалында Доминик Тимнен, 2024 жылы «Ролан Гарроста» Карлос Алькарастан және 2025 жылы Australian Open турнирінде Янник Синнерден ұтылған еді.
Айта кетейік, биылғы «Ролан Гаррос» турнирінде Александр Зверев финалға дейінгі жолда небәрі екі сет қана жоғалтты.
«Ролан Гаррос» – 2026. Ерлер арасындағы финал:
Александр Зверев (Германия, 2) – Флавио Коболли (Италия, 10) – 6:1, 4:6, 6:4, 6:7 (5:7), 6:1.
Фото: © Anadolu / Contributor / Anadolu / Gettyimages.ru
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған