Александр Бублик US Open-нің ширек финалына шыға алмады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Александр Бублик АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымында жарыстан шығып қалды,
деп хабарлайды malimsports.kz.
Ол әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен кездесті.
Қарсыластар бұған дейін алты рет кортқа шыққан болатын. Соның төртеуінде Синнер жеңіске жетсе, биылғы маусымда «Ролан Гарроста» да Бубликтен басым түскен еді (6:1, 7:5, 6:0). Ал маусым айында Германиядағы Галле турнирінде қазақстандық спортшы қарымта қайтарып, жеңіске жеткен болатын.
Бұл жолы Синнер айқын басымдық танытты – 6:1, 6:1, 6:1. Бір сағат 21 минутқа созылған матчта италиялық теннисші 8 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың сегізін өз пайдасына шешті. Ал Бублик небәрі 2 эйспен шектелді.
Соған қарамастан, спорттық мансабында алғаш рет US Open турнирінің төртінші айналымына шыққан Бублик ATP Live рейтингінде 19-орынға көтерілді.
Қазақстанның жұптық сындағы үздік теннисшісі Анна Данилина да ширек финалға жете алмады. Ол сербиялық Александра Круничпен бірге үшінші айналымда америкалық Айша Мухаммад пен нидерландылық Деми Схурс дуэтіне есе жіберді – 2:6, 6:4, 4:6.
Фото: STEFAN ADELSBERGER/APA/AFP via Getty Images


Ең көп оқылған
