Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Роттердамда (Нидерланд) өтіп жатқан ATP 500 турнирінің екінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыста үшінші нөмірмен тіркелген Бублик алғашқы кезеңде әлемдік рейтингте 70-орында тұрған польшалық Хуберт Хуркачпен кездесті. Бұған дейін әлемнің 6-ракеткасы атанған тәжірибелі теннисші жарақатынан кейін кортқа қайта оралған болатын.
Матч өте тартысты өтті. Алғашқы сет тай-брейкке ұласып, онда Хуркач басым түсті – 7:6 (7:2). Екінші партияда Бублик дәл сондай есеппен қарымта қайтарды – 7:6 (7:1).
Шешуші сетте есеп 5:5 кезінде қазақстандық теннисші брейк жасап, кейін ойынды эйспен түйіндеді – 7:5.
Екі сағат 22 минутқа созылған кездесуде Бублик 13 эйс орындап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Ал Хуркач 25 эйспен көзге түсіп, 6 мүмкіндіктің біреуін ғана сәтті жүзеге асырды.
Енді Александр Бублик ширек финал жолдамасы үшін әлемдік рейтингте 82-орында тұрған германиялық Ян-Леннард Штруфпен кездеседі.
Фото: ҚТФ