Александр Бублик Штутгарт турнирінің жартылай финалына шықты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан ATP 250 санатындағы BOSS OPEN турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың үшінші нөмірлі ракеткасы ретінде тіркелген Бублик ширек финалда әлемдік рейтингте 93-орында тұрған франциялық Джованни Мпетши Перрикармен кездесті.
Кездесу 1 сағат 30 минутқа созылды. Матчтағы екі сет те тай-брейкке дейін жетіп, қазақстандық теннисші шешуші сәттерде шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде Александр Бублик қарсыласын 7:6 (7:5), 7:6 (7:3) есебімен жеңді.
Ойын барысында Бублик 11 эйс орындаса, франциялық теннисші бұл көрсеткішті 19-ға жеткізді.
Осылайша қазақстандық спортшы турнирдің жартылай финалына шықты. Финал жолдамасы үшін ол әлемнің 9-ракеткасы америкалық Тэйлор Фриц пен рейтингте 78-орында тұрған италиялық Маттиа Беллуччи арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Александр Бублик жарысты екінші айналымнан бастады. Алғашқы матчында германиялық Ян-Леннард Штруффты үш сет қорытындысы бойынша жеңген болатын.
Штутгарттағы BOSS OPEN турнирі 15 маусымда аяқталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 768 220 еуроны құрайды. Турнир жеңімпазы 116 855 еуро сыйақы алып, ATP рейтингінің 250 ұпайына ие болады.
Фото: ktf.kz
Бүгін қазақстандық клубтардың Еурокубоктағы алғашқы қарсыластары анықталады
Ең көп оқылған