Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик Франция астанасында өтіп жатқан Париж мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Жарыстың 13-ракеткасы болып тіркелген Бублик алғашқы айналымда әлемдік рейтингте 47-сатыда тұрған аустралиялық Алексей Попыринмен күш сынасты. Қазақстандық теннисші кездесуді сенімді түрде өткізіп, қарсыласын екі сетте ұтты — 6:4, 6:3.
Бір сағат 14 минутқа созылған матч барысында Бублик 13 эйс орындап, 5 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдаланды. Ал Попырин 3 эйс пен бір ғана брейкке қол жеткізді.
Енді Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы — франциялық Корентен Муте немесе рейтингте 52-орындағы америкалық Райлли Опелкамен кездеседі.
Париж мастерс турнирінің жалпы жүлде қоры - 6,128,940 еуро. Жарыс 2 қарашада мәресіне жетеді, ал жекелей сынның жеңімпазы 946,610 еуро табыс табады.
Өткен жылы бұл турнирде германиялық Александр Зверев финалда франциялық Уго Умберді жеңіп, чемпион атанған еді. Сол кезде Бублик екінші айналымнан әрі аса алмаған болатын.
Фото: ҚТФ