Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингтің 16-шы сатысындағы Александр Бублик Парижде өтіп жатқан ATP 1000 мастерс турнирінде тарихи нәтижеге қол жеткізді, ол мансабында тұңғыш рет жартылай финалға шықты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ширек финалда қазақстандық теннисші әлемнің 6-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минорды үш сетте тізе бүктірді. Алғашқы партияда қарсыласы тай-брейкте жеңіске жетті – 7:6 (7:5). Алайда Бублик екінші және үшінші сеттерде басым түсіп, есепті 6:4, 7:5 есебімен түйіндеді.
2 сағат 25 минутқа созылған тартысты матч барысында Бублик 16 эйс орындап, 5 брейк-пойнттың екеуін тиімді пайдаланды. Ал де Минор 12 эйс жасағанымен, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Осылайша, Александр Бублик ATP мастерс сериясындағы турнирдің жартылай финалына алғаш рет шықты. Бұған дейін ол 2021 жылы мұндай деңгейдегі жарыстарда екі мәрте ширек финалға дейін жеткен болатын.
Финал жолдамасы үшін Бублик әлемнің 10-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен кездеседі.
Фото: ҚТФ