Стенд атудан Қазақстан құрамасы Италиядағы Әлем кубогына аттанды
Ертең Италияның Лонато-дель-Гарда қаласында стенд атудан Әлем кубогының кезекті кезеңі басталады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әлемнің ең мықты мергендері жиналатын беделді жарыста Қазақстан құрамасы да жүлделі орындар үшін таласады.
Olympic.kz мәліметі бойынша, биылғы турнирге әлемнің 80 елінен 600 спортшы қатысады. Бұл – жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Былтыр дәл осы додада 74 мемлекеттен 550 мерген сынға түскен еді.
Әлем кубогында спортшылар «трап» және «скит» бағдарламалары бойынша бақ сынайды. Олимпиада чемпиондары, әлем біріншілігінің жеңімпаздары және жас таланттар жүлделерді сарапқа салады.
Қазақстан құрамасының құрамы
Әсем Орынбай, Элеонора Ибрагимова, Даниил Почивалов, Марк Почивалов, Әлішер Айсалбаев, Айжан Досмағамбетова, Лидия Башарова, Ольга Хайлова, Богдан Конченко, Александр Мухамедиев, Илья Пеньков, Зоя Пискун, Артемий Плиско, Анастасия Прилепина, Адель Садақбаева, Наргиза Сарманова, Артем Седельников, Лейла Шантекова, Данил Стрельцов және Ратмир Еникеев.
Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге үміт артады
Ұлттық құрама үшін биылғы маусым сәтті өрбуде. Қазақстандық мергендер халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жүлдеге ілігіп келеді.
Соңғы Әлем кубогының кезеңі Алматыда өтіп, Әсем Орынбай «скит» бағдарламасында алтын медаль жеңіп алған болатын. Ол финалда 33 ұпай жинап, биыл командаласы Адель Садақбаева орнатқан әлем рекордын қайталады.
Жарыстан кейін мерген өз мақсатының әлі де көп екенін айтты.
Мен барлық мақсатыма жеттім деп айта алмаймын. Әлі бағындыратын белестер көп. Әр жарыста өзімді жаңа қырымнан көрсетуге тырысамын, – деді Әсем Орынбай.
Басты фавориттер кімдер?
Лонатодағы жарыста бәсеке өте жоғары болмақ. Алаң иелері – Италия құрамасы Олимпиада чемпиондары Диана Бакози, Джессика Росси және Габриэле Россеттиге сенім артады.
Сонымен қатар жүлде үшін Франсиска Кроветто (Чили), Давид Костелецкий (Чехия), Иржи Липтак (Чехия), Кэтрин Скиннер (Аустралия), Натан Хейлс (Ұлыбритания), Адриана Руано (Гватемала) сынды Олимпиада чемпиондары бақ сынайды.
Соған қарамастан, Қазақстан құрамасының да жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары. Соңғы халықаралық жарыстардағы нәтижелер ұлттық құраманың бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр. Тәжірибелі спортшылармен қатар жас мергендер де жоғары нәтиже көрсетуге дайын. Сондай-ақ Қазақстан командалық сайыстарда да жүлделі орындарға үміткер.
Әлем кубогының кезеңі 13 шілдеге дейін жалғасады.
Фото: ҰОК
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған