Жалғас Жұмағұлов екінші чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов Oktagon лигасындағы екінші чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жек қарсаңында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды malimsports.kz.
«Бір белбеу аздық етеді. Сенбі күні кездескенше», - деп жазды қазақстандық файтер әлеуметтік желідегі парақшасында.
6 маусым күні Bratislava қаласында өтетін турнирде Жұмағұлов жеңіл салмақтағы Oktagon чемпионы, бразилиялық Igor Severinoпен кездеседі. Ал қазақстандық спортшы қазіргі таңда аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеудің иегері.
Еске салсақ, бір жыл бұрын Жалғас Жұмағұлов Еуропадағы жетекші MMA ұйымдарының бірі – Oktagon MMA лигасының чемпионы атанған болатын. Белбеуін сәтті қорғағаннан кейін ол екі салмақта бірдей чемпион болуды мақсат ететінін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ Жұмағұлов болашақ қарсыласын бұрынғы даулы оқиғаға байланысты әзілмен қағытқан.
«Игорь, жекпе-жек алдында тістеріңді қайрап жүрмеген шығарсың деп үміттенемін. Уайымдама, мені тістейтіндей жақын келе алмайсың. Бүкіл кеш бойы сені соққыларымның қашықтығында ұстаймын», – деген болатын қазақстандық спортшы.
Осылайша ол Igor Severinoдің UFC-дегі мансабына нүкте қойған жанжалға ишара жасады. Бразилиялық файтер қарсыласы Andre Limaны тістегені үшін дисквалификацияланып, кейіннен Ultimate Fighting Championship ұйымымен келісімшарты бұзылған еді. Сонымен қатар Дана Уайт бұл оқиғадан кейін спортшымен жұмысын тоқтатқан.
Фото: Instagram @zhumagulov_zhalgas
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған