Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекзат Алмахан UFC-ден кеткеннен кейін октагонға қайта оралатынын мәлімдеді.
Бекзат Алмахан әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында алдағы жекпе-жегінің өтетін күні белгіленгенін айтты. Алайда қазақстандық файтер әзірге қай ұйымның турнирінде өнер көрсететінін және қарсыласының кім болатынын жариялаған жоқ.
«Ассалаумағалейкум. Жағдайларыңыз қалай, достар? Жекпе-жек бар, датасы белгілі. Қай лигада өнер көрсететінімді жақын арада білесіздер, бұйырса», – деді Алмахан.
Осылайша, Бекзат Алмахан UFC-дегі келісімшарты аяқталғаннан кейінгі алғашқы жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Жаңа ұйым мен қарсыласы туралы ақпарат алдағы уақытта белгілі болады.
Еске салайық, Алмахан UFC сапында төрт жекпе-жек өткізді. Ол Брэд Катонаны нокаутпен жеңсе, Умар Нурмагомедов, Александр Топурия және Жан Мацумотодан төрешілер шешімімен жеңілді. 2026 жылғы 27 маусымда Бакуде өткен соңғы UFC жекпе-жегінде Алмахан Мацумотоға төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберген.
Тамыз айында қазақстандық спортшының UFC ростерінен шығарылғаны белгілі болды. Енді жанкүйерлер Алмаханның мансабын қай промоушенде жалғастыратынын күтуде.
Фото Global Look Press