Ислам Махачев UFC-дегі ауыр жекпе-жектен кейін ұзақ уақыт емделетін болды
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев соңғы жекпе-жегінен кейін 30 күн бойы емделетін болды. Бұған оның қабырғасынан алған жарақаты себеп болған, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы MMA Junkie сайты Пенсильвания штатының Атлетикалық комиссиясына (PSAC) сілтеме жасап мәлімдеді.
Махачев жарақатты 16 тамызда UFC турнирі аясында ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы өткен жекпе-жекте алған. Ресейлік спортшы қарсыласын жеңіп, жартылай орта салмақтағы чемпиондық белдігін кезекті рет қорғады.
Осы жеңісінен кейін Махачев UFC тарихындағы ең ұзақ жеңіс сериясының рекордын жаңартты. Оның қатарынан жеңген жекпе-жектерінің саны 17-ге жетті.
34 жастағы спортшы үшін бұл жартылай орта салмақтағы екінші жекпе-жек болды. Ол 2025 жылдың қарашасында австралиялық Джек Делла Маддаленаны жеңіп, осы салмақтағы чемпиондық атақты иеленген.
Бұған дейін Махачев жеңіл салмақта өнер көрсетіп, 2022 жылдың қазанынан 2025 жылға дейін UFC чемпионы атанды. Осы кезеңде ол титулын төрт рет қорғады.
Махачевтің кәсіби ММА-дегі рекорды — 29 жеңіс және 1 жеңіліс. Оның жалғыз жеңілісі 2015 жылдың 3 қазанында UFC-дегі екінші жекпе-жегінде бразилиялық Адриано Мартинстен бірінші раундта нокаутпен келген.
Қазіргі уақытта Ислам Махачев UFC-дің салмақ дәрежесіне қарамастан жасақталатын (P4P) рейтингінде де бірінші орында тұр.
Фото: ашық дереккөзден
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған