UFC-дің экс-чемпионы Алматыдағы жекпе-жектен соңғы сәтте бас тартты
Америкалық аралас жекпе-жек шебері, UFC ұйымының бұрынғы чемпионы Энтони Петтис Алматыда өтуі тиіс Орда Глобал Файтс турниріне қатысудан бас тартқанын мәлімдеді, деп жазады malimsports.kz.
6 маусымға жоспарланған Orda GF 01 турнирінің басты жекпе-жегінде Петтис қазақстандық файтер Әділ Боранбаевпен кездесуі керек болған. Америкалық спортшы Алматыға келіп, бірқатар іс-шараларға қатысып, қазақстандық танымал файтер Еркебұлан Тоқтармен көз арбасу рәсімін де өткізген еді.
Алайда турнир өтетін күні Энтони Петтис ұйымдастырушылардың келісімшарттағы міндеттемелерін орындамағанын айтып, жекпе-жектен бас тартатынын жариялады.
«Бұл жағдайдың осылай өрбігеніне қатты көңілім қалды. Енді бұл промоушенмен жұмыс істемеймін. Командам екеуміз бүкіл процесс барысында сабыр сақтап, сенім таныттық. Бірақ бізді бірнеше рет жаңылыстырды, ал келісілген міндеттемелер орындалмады. Менің ойымша, ұйымдастырушылар кәсіби жекпе-жек ұйымын басқарудың қаржылық жауапкершілігін толық түсінбейді. Олардың шешімдері компанияма 800 мың доллардан астам шығын келтірді және спортшыларға, серіктестерге әрі осы жобаға қатысы бар адамдарға кері әсерін тигізді», - деп жазды Петтис.
Спортшы Қазақстанға толық дайындықпен келгенін атап өтті. Оның айтуынша, денсаулығында ешқандай мәселе болмаған және бірнеше ай бойы жекпе-жекке тыңғылықты дайындалған.
Сонымен қатар Петтис Алматыда жанкүйерлер тарапынан үлкен қолдау көргенін айтып, қазақстандықтарға алғысын жеткізді.
«Қазақстан халқына ешқандай өкпем жоқ. Жанкүйерлер керемет болды, көрсеткен қолдаулары үшін ризамын. Менің наразылығым тек ұйымдастырушылардың өз міндеттемелерін орындамауына байланысты. Болашақта Қазақстанға жақсы жағдайда қайта оралып, жанкүйерлер күткен жекпе-жекті сыйлаймын деп үміттенемін», – деді ол.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, америкалық файтерге уәде етілген қаламақы белгіленген мерзімде төленбеген. Осыдан кейін спортшы елден кетуге шешім қабылдап, кері қайту билетін сатып алған.
Сондай-ақ кейбір дереккөздер Орда ГФ 01 турнирінің толықтай тоқтатылғанын хабарлады. Алайда материал жарияланған сәтте ұйымдастырушылар тарапынан бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Айта кетейік, 39 жастағы Энтони Петтис кәсіби мансабында 25 жеңіске жетіп, 14 рет жеңілген. Ол UFC ұйымының жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы болып саналады.
Фото: Orda GF
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған