UFC-де қазақстандық файтерге қарсы «астыртын әрекет» туралы айтылды
FightCompanion.Net сайтының X әлеуметтік желісіндегі парақшасы қазақстандық ауыр салмақтағы UFC жауынгері Дияр Нұрғожай (10-2) промоушеннен кетуге әдейі итермеленіп жатыр деген күдік білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Олардың пікірінше, спортшыға барынша қолайсыз қарсыластар таңдалып жатқан болуы мүмкін.
8 наурызға қараған түні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC 326 турнирінде Нұрғожай бразилиялық файтер Рафаэл Тобиаспен (14-1) кездеседі. Бұл жекпе-жек Тобиас үшін UFC-тегі алғашқы айқас болмақ.
Ал Нұрғожай үшін бұл кездесу лигадағы болашағын айқындайтын маңызды жекпе-жек болуы мүмкін. Себебі ол промоушендегі алғашқы екі жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңіліп қалған.
FightCompanion.Net бұл жағдайға қатысты былай деп жазды:
«Нұрғожайдың UFC-тегі рекорды – 0-2, әрі екі жекпе-жекте де сабмишен арқылы жеңілді. Енді оны 22 жастағы бразилиялық джиу-джитсу маманына қарсы қойып отыр, ол UFC-те дебют жасайды. Матчмейкерлердің біреуі оған өкпе сақтап жүрген сияқты».
Еске салсақ, Дияр Нұрғожай Dana White’s Contender Series арқылы Ultimate Fighting Championship ұйымына өткен. 2025 жылдың наурыз айында өткен дебюттік жекпе-жегінде ол бразилиялық Брендсон Рибейроға «кимура» әдісімен жеңіліп қалды. Кейін тамыз айында қырғызстандық Уран Сатыбалдиевтың тұншықтыру әдісіне түсіп қалған еді.
Фото: Ашық дереккөзден
Дональд Трамп Ақүйде Мессиді командаластарымен бірге қабылдады
Ең көп оқылған