UFC чемпионы промоушенге тосын ұсыныс жасады
UFC-дің даулы жағдайға қалған чемпионы Том Аспиналл промоушен ережелеріне ерекше өзгеріс енгізуді ұсынды.
Британдық файтердің айтуынша, октагондағы әділетсіздікке нүкте қою үшін «жауап фолы» деген жаңа ереже қажет. Аспиналл бұл ұсынысын Сирил Ганмен жекпе-жек кезінде көзге саусақ тигізу жағдайынан кейін көтерген.
«Қазір мен үшін ең бастысы – денсаулығым. Зейнет туралы ойлап жүрген жоқпын, бәрін біртіндеп жасау керек. Әрине, жоспарым – оралып, Сирил Ганмен қайта төбелесу. Бірақ қысқа мерзімді мақсатым – қалпыма келіп, жаттығуды бастау.
Менің ойымша, егер қарсылас бір рет ереже бұзса – оны кездейсоқтық деуге болады. Ал егер екі рет немесе одан көп қайталанса, онда екінші спортшының жауап фол жасауға құқығы болуы керек», - деді Том Аспиналл.
Оның ұсынысына сәйкес, қарсылас бірдей ережені қайта-қайта бұзса, төреші жекпе-жекті тоқтатып, зардап шеккен спортшыға «тегін фол» жасауға рұқсат береді.
«Мысалы, қарсылас төменгі жақтан тепті. Төреші бес минут береді. Қайта бастаймыз, ол тағы солай жасайды. Сонда төреші: «Тұр, дайындал. Қарсыласың жауап фол жасайды» деуі керек. Мен мұны толықтай байыппен айтып отырмын. Неге болмасқа?» - дейді файтер.
Айта кетейік, Том Аспиналл алдағы уақытта сол жақ көзіне операция жасатуды жоспарлап отыр. Оңалту кезеңінен кейін ол қайтадан октагонға оралуы мүмкін.
Фото: әлеуметтік желі
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған