Шавкат Рахмонов UFC рейтингінен шығып қалды
Жартылай орта салмақ дәрежесінде (77 кг дейін) өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов UFC ұйымының жаңартылған ресми рейтингінен шығарылды. Бұл туралы промоушен жариялаған соңғы рейтингтік тізімде көрсетілген, деп жазады malimsports.kz.
Бұған дейін дивизион рейтингінде екінші орында тұрған және чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі саналған Рахмонов ұзақ уақыт октагонға шықпағаны үшін ТОП-15 тізімінен түсіп қалды. Оның үзіліс жасауына ауыр жарақат себеп болған.
31 жастағы спортшы соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 7 желтоқсанда өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді жеңген еді. Алайда сол кездесуде тізесінен жарақат алған. Осыған байланысты ол 2025 жыл бойы емделіп, қалпына келу процесінен өтті. 1 ақпан күні Рахмонов X әлеуметтік желісінде тізесіне қайта операция жасалғанын хабарлады. Соның салдарынан оның октагонға оралу мерзімі әзірге белгісіз.
Жаңартылған UFC рейтингінде жартылай орта салмақта бірінші орынға австралиялық Джек Делла Маддалена көтерілген. Дивизион чемпионы - Ислам Махачев. Ал үздік бестікке Иэн Гэрри (Ирландия), Майкл Моралес (Эквадор), Белал Мухаммад (АҚШ) және Карлос Пратес (Бразилия) енген. Рахмоновтың орнына рейтингке 38 жастағы Майкл Пэйдж қосылды.
Шавкат Рахмоновтың кәсіби мансабында 19 жеңіс бар, оның 18-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Ол әлі бірде-бір рет жеңіліп көрмеген. UFC аясында жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
Фото: Getty Images
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған