Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі спортшы Шавкат Рахмоновты еліміздің имиджін қалыптастыруға және шетелде Қазақстанды насихаттауға қосқан зор үлесі үшін «Барыс» орденінің ІІ дәрежесімен марапаттады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті.
«Ассамблея – бірегей құрылым, берік бірлігіміздің символы. Оның мүшелері елдегі тұрақтылықты нығайту жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі», - деді Президент.
Сонымен қатар, ел Президенті «Ел бірлігі» орденін еліміздің бірнеше этномәдени орталықтарының өкілдеріне табыстайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениеттің ұлттың рухани дербестігін айқындайтын маңызды сала екенін атап өтті:
«Өнер мен мәдениетке өмірін арнаған азаматтарға әрқашан құрметпен қараймыз», - деді ол.
«Қазақстанның Халық әртісі» атағы келесі мәдениет және өнер қайраткерлеріне берілді:
Болат Әбділманов,
Тамара Асар,
Шынар Жанысбекова.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болғандар:
Нина Жмеренецкая,
Бақыт Хажыбаев,
Зарина Алтынбаева,
Айгерім Алтынбек.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосқан Иван Сауэр де осы жоғары атаққа лайық деп танылды.
«Бұл жоғары мемлекеттік марапаттарды халқымыздың шынайы ризашылығы мен құрметінің белгісі ретінде қабылдаңыздар. Бүгін менің Жарлығыма сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінен жүздеген азамат мемлекеттік наградамен марапатталады», — деді мемлекет басшысы.