Қырғыз файтері UFC-де рекорд орнатты
Қырғызстандық Мыктыбек Оролбай UFC ұйымындағы жеңісті сериясын жалғастырып, кезекті рет қарсыласынан басым түсті. Қырғызстандық файтер UFC аясындағы UFC Fight Night турнирінде өнер көрсетті. Жекпе-жек Лас-Вегас қаласында өтті, деп жазады malimsports.kz.
Жартылай орта салмақта (77,1 кг дейін) өткен кездесуде Оролбай америкалық Крис Кертиспен айқасты. Үш раундқа созылған жекпе-жекте қырғыз спортшысы айқын басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (30:27) жеңіске жетті.
Айта кетейік, Мыктыбек Оролбай бұл кездесуде 19 тейкдаун жасап, UFC-дің жартылай орта салмағында жаңа рекорд орнатты. Бұл көрсеткіш лига тарихындағы барлық салмақ дәрежелері бойынша үшінші нәтиже саналады. Бұдан көп тейкдаунды тек Хабиб Нурмагомедов (21) пен Мераб Двалишвили (20) орындаған.
Осылайша 28 жастағы қырғызстандық файтер UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісіне, ал ұйымдағы бесінші жеңісіне қол жеткізді. Оның ММА-дағы жалпы рекорды — 16 жеңіс, 2 жеңіліс және 1 тең нәтиже. Ал Крис Кертис мансабындағы 13-ші жеңілісіне ұшырады.
Фото: Chris Unger/Zuffa LLC
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған