Қазақстандық файтер Николай Веретенников UFC ұйымы енгізген жаңа бонус жүйесі бойынша ел тарихында алғашқы болып қосымша сыйақы алған спортшы атанды.
2026 жылдан бастап UFC барлық жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған спортшыларға 25 000 доллар көлемінде қосымша бонус төлейтінін ресми түрде енгізді. Осы жаңа жүйе бойынша алғашқы сыйақыны Веретенников иеленді – ол америкалық Нико Прайсты бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Жекпе-жек UFC Vegas 113 турнирінің алдын ала кардында өтті. Үш раундқа жоспарланған кездесу ұзаққа созылмай, бірінші раундта-ақ аяқталды.
Айта кетейік, UFC стандартты турнирлік сыйақыларды да көтерді. Енді:
«Кештің үздік жекпе-жегі» (Fight of the Night)
«Кештің үздік өнер көрсетуі» (Performance of the Night)
аталымдары бойынша берілетін бонус мөлшері 50 000 доллардан 100 000 долларға дейін өсті.
Соңғы турнирде Марио Баутиста мен Якуб Виклаж «Кештің үздік өнер көрсетуі» үшін марапатталса, Михал Олексейчук – Марк-Андре Барио жекпе-жегі «Кештің үздік жекпе-жегі» деп танылды. Дегенмен бұл кездесулердің қатысушыларына финиш үшін қарастырылған қосымша 25 000 долларлық бонус берілмеді.
UFC бонус жүйесіндегі бұл өзгерістер ұйымның Paramount+ платформасымен жасалған жаңа жеті жылдық теледидарлық келісімшартына байланысты. Келісімнің жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.
Қазіргі таңда Николай Веретенниковтің кәсіби рекорды: 14 жеңіс, 7 жеңіліс.
Фото: UFC