Қазақстанда дүниеге келген ресейлік спортшы Ирина Алексеева соңғы жекпе-жекке дейін ауыр дертке шалдыққанын және ұзақ уақыт ем қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Malimsports.kz Championat.com сайтына сілтеме жасап.
«Алдыңғы жекпе-жекке дейін мен ауруханадан шыққан жоқпын. Үнемі анализ тапсырып, қан айналымында қиындықтар болды. Денем көгеріп, жараланып жүрдім. Сол кезде мені күшті емдік препаратқа отырғызды. Ең бастысы – ол препарат рұқсат етілген, допинг тізіміне кірмейді. Бірақ одан біртіндеп бас тарту керек. Қазір жағдайым едәуір жақсы. Алдағы жекпе-жекке денем көгермей, қалыпты күйде дайындалып жатырмын», – деді Алексеева.
Оның айтуынша, өткен жекпе-жек кезінде қан тоқтамай, бұл жеңілістің себептерінің бірі болған.
«Әлі де емделіп жүрмін. Толық емдеу курсы бір жылға созылады, одан кейін тағы үш ай бойы бақылауда боламын. Бірақ жағдайым әлдеқайда жақсарды», – деп қосты ол.
Еске салайық, Ирина Алексеева келесі кездесуін 12 қазанда Бразилияда өтетін UFC Fight Night 261 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы – жергілікті спортшы, дебютант Беатрис Мескита болады.
35 жастағы Алексеева кәсіби мансабында бес жеңіс және үш жеңіліс тіркеген. Соңғы екі жекпе-жекте қарсыластарына есе жіберген. Ал 34 жастағы Мескита UFC-де алғаш рет өнер көрсетпек және әзірге оның есебінде бес жеңіс пен бірде-бір жеңіліс жоқ.
Фото: RCC баспасөз қызметі