PFL ұйымы UFC аңызы Франсис Нганнумен келісімшартты бұзды
Professional Fighters League (PFL) бұрынғы Ultimate Fighting Championship (UFC) чемпионы, француз-камерундық файтер Francis Ngannouмен келісімшартты тоқтатқанын жариялады, деп хабарлайды malimsports.kz.
«PFL Нганнумен жолды бөлу туралы шешім қабылдады. Біз Франсисті спортшы әрі адам ретінде қатты құрметтейміз және оның жауынгерлік спорттағы мансабының келесі кезеңінде сәттілік тілейміз. PFL бұдан әрі де осы спорттағы ең үздік спортшыларды тартуға және олармен келісімшарт жасауға назар аударады, сондай-ақ әлемдегі жанкүйерлер үшін жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуді жалғастырады», - деп жазды PFL әлеуметтік желідегі Х парақшасында.
39 жастағы Нганну UFC тарихындағы ең үздік ауыр салмақтағы файтерлердің бірі саналады. Ол бұл ұйым сапында 2015-2022 жылдары өнер көрсетіп, чемпион атанған. Кейін жаңа келісімшарт бойынша келісімге келе алмағандықтан промоушеннен кеткен.
Одан кейін Нганну кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізді. Алғашында британдық боксшы Tyson Furyмен кездесіп, төрешілердің бөлінген шешімімен жеңілді. Кейін тағы бір британдық ауыр салмақтағы чемпион Anthony Joshuaға нокаутпен есе жіберген.
PFL ұйымында Нганну тек бір ғана жекпе-жек өткізді. 2024 жылдың қазан айында өткен чемпиондық кездесуде ол бразилиялық Renan Ferreiraны бірінші раундта нокаутпен жеңген.
Жалпы ММА-дағы мансабында Франсис Нганнудың еншісінде 18 жеңіс және 3 жеңіліс бар.
Фото: Getty Images
Роналдудың жарақатына байланысты Мадридке емделуге аттанғаны белгілі болды
Ең көп оқылған