Мәзір
ММА

«Оның аяғын мен сындырдым». Иэн Гэрри Шавкат Рахмонов туралы айтты

Сабина Асқарқызы 69 қаралым
«Оның аяғын мен сындырдым». Иэн Гэрри Шавкат Рахмонов туралы айтты

UFC-дің жартылай орта салмағында өнер көрсететін ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрри қазақстандық Шавкат Рахмонов жарақатына қатысты тағы да даулы мәлімдеме жасады.

Ол өзін Рахмоновтың титулдық айқастан шет қалуына басты себепкер деп санайтынын айтты.

Гэрридің сөзінше, Шавкат тізесінен алған жарақатты олардың өзара жекпе-жегі барысында асқындырып алған.

«Шавкаттың да, Белалдың да аяғын сындырған – мен. Шавкат екі операция жасатқанын білемін, бірақ олардың қаншалықты сәтті өткенін ешкім нақты айта алмайды. Сондықтан ол ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды. Шавкат титул үшін төбелескісі келмегендіктен шегінді дегенге сенбеймін. Естуімше, басты себеп – жарақат. Біз кездескенде оның тізесіне қайта-қайта теуіп, сол жарақатты асқындырып жібердім. Бұған толықтай сенімдімін», – деді ирландиялық файтер.

Белгілі болғандай, Шавкат Рахмонов соңғы екі жекпе-жегіне де жарақатпен шыққан.

Атап айтқанда,Стивен Томпсонмен кездесуге бір ай қалғанда оның аяғына гипс салынғаны айтылған. Ал 2025 жылдың мамыр айында қазақстандық спортшы Австрияда тізесіне операция жасатқан. Кейінірек ол тағы да дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Айта кетейік, UFC-дің жартылай орта салмағы – ұйымдағы ең тартысты әрі бәсекесі жоғары дивизиондардың бірі саналады.

Сонымен қатар, Шавкат Рахмоновтың UFC рейтингінен тыс қалуына байланысты жағдай да резонанс тудырды. Бұл мәселеге Иэн Мачадо Гэрри әлеуметтік желіде қысқа әрі қатаң пікір білдірді.

«Оны титул үшін күрестен алып тастады», – деп жазды файтер. Айта кетсек, рейтингтің жаңартылған нұсқасында Гэрри дивизионда екінші орынға көтерілген.

Еске салайық, рейтинг жаңартылғанға дейін Рахмонов екінші нөмірде тұрған және чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі саналған. Алайда жаңа тізімде оның есімі мүлде жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған тізе жарақатының қайта қозуы себеп болған. Дәрігерлердің болжамына сәйкес, Шавкат 9-10 айға дейін жарыстардан тыс қалуы мүмкін.

Қазіргі таңда Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсанында өткен. Ол кезде қазақстандық файтер дәл осы Иэн Гэрриге қарсы бес раундқа созылған ауыр айқаста төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетіп, өзінің мінсіз рекордын (19-0) сақтап қалған еді.

Фото: әлеуметтік желі

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар