Конор Макгрегор Шавкат Рахмановпен ықтимал жекпе-жекке қатысты пікір білдірді
UFC ұйымының екі салмақ дәрежесі бойынша бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор қазақстандық файтер Шавкат Рахмановпен болуы мүмкін жекпе-жекке қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Баспасөз мәслихатында журналистер ирландиялық спортшыдан болашақта Шавкатпен октагонда кездесуге дайын екенін сұрады.
«Оның ауыр жарақат алғанын білемін. Қазір жарақатынан айығып жатыр, сондықтан әзірге соған көңіл бөлсін. Қазіргі жағдайда бұл туралы пікір айту қиын. Оның алдында әлі атқаратын жұмысы көп. Оның үстіне, ол маған не ұсына алады? Егер менімен жекпе-жек өткізгісі келсе, алдымен чемпиондық белбеуді жеңіп алуы керек. Сонда ғана оны қарсылас ретінде қарастыруға болады. Әзірге ол титулдан алыс», – деді Макгрегор.
Ирландиялық файтер келесі кездесуін 12 шілдеде АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC 329 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы – Макс Холлоуэй.
Бұл екі спортшының қарымта жекпе-жегі болмақ. Олар алғаш рет 2013 жылдың тамызында кездесіп, сол кезде Конор Макгрегор төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.
Шавкат Рахманов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шығып, Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Сол жеңістен кейін ол жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің біріне айналған болатын.
Алайда кейін қазақстандық файтер тізесінен ауыр жарақат алып, ұзақ уақытқа спорттан шет қалды. Қазір Шавкат оңалту курсынан өтіп жатыр. Оның UFC-дегі жекпе-жектерге нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз.
Фото: instagram/ufc
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған