Жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Ислам Махачев қазіргі дивизиондағы бәсекелестік деңгейі бұрын өнер көрсеткен жеңіл салмаққа қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтты, деп хабарлайды malimsports.kz.
UFC-дің баспасөз қызметіне берген сұхбатында ресейлік файтер өзін жаңа жетістіктерге жігерлендіретін қарсыластардың қатарында қазақстандық Шавқат Рахмоновты да атады.
Мені бәрінен де қатты жігерлендіретін нәрсе – қарсыластарым. Қазіргі рейтингке қарасам, міндетті түрде жеңуім керек өте мықты жігіттерді көремін – Пратес, Моралес, Шавқат. Осы файтерлердің барлығы мені жаттығу залында аянбай еңбек етуге мәжбүрлейді. Өйткені олардың әрқайсысы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жекке шығуға әбден лайық. Ал бұрын жеңіл салмақта жүргенімде рейтингке қарасам, маған ерекше қызықты болатын қарсыластарды көрмейтінмін, – деді Ислам Махачев.
Айта кетейік, Шавқат Рахмонов бұған дейін UFC рейтингінің үздік үштігінде болған. Алайда ұзақ уақыт бойы жарақатына байланысты жекпе-жек өткізбегендіктен, уақытша рейтингтен тыс қалды.
Еске сала кетейік, 16 тамыз күні АҚШ-тың Филадельфия қаласында өтетін UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде Ислам Махачев чемпиондық белбеуін ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы қорғайды.
Фото: UFC