457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Еркебұлан Тоқтар Артем Тарасовты бірінші раундта сұлатып салды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде жарқын жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.

Жартылай орта салмақта (77 келіге дейін) өткен кездесуде қазақстандық файтердің қарсыласы ресейлік файтер әрі блогер Артем Тарасов болды. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек алғашқы раундта-ақ аяқталды. Тоқтар қарсыласын нокаутқа түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

IBA Nomad турнирі «ММА-ның тік тұрып айқасу» ережесі бойынша өтеді. Бұл форматта спортшыларға қол және аяқпен соққы жасауға рұқсат етіледі, ал партердегі күреске жол берілмейді.

Осылайша, Еркебұлан Тоқтар наурыз айында Арменияның Ереван қаласында өткен Hype FC 28 турнирінде қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулунан жеңілгеннен кейін жеңіс жолына қайта оралды.

Айта кетейік, Тоқтардың кәсіби ММА-дегі соңғы ресми жекпе-жегі өткен жылдың тамыз айында өткен болатын. Сол кездесуде ол ирандық Фарзад Гадериді екінші раундта нокаутпен жеңген еді. Қазіргі таңда қазақстандық спортшының кәсіби рекорды – 11 жеңіс, 3 жеңіліс.

Ал Артем Тарасов үшін бұл «ММА-ның тік тұрып айқасу» форматындағы алғашқы жекпе-жек болды. Оның соңғы ресми кездесуі 2024 жылдың мамыр айында өтіп, Максим Щербаковты бірінші раундта жеңген болатын.

 

Фото: OCTAGON