Асу Алмабаев UFC-дегі келесі жекпе-жегіне дайындық үшін Бакуге барды
Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев келесі жекпе-жегіне дайындықтың соңғы кезеңін өткізу үшін Әзербайжан астанасы Бакуге аттанды.
Dar Pro Team командасының өкілі саналатын Алмабаев бапкерлер құрамымен бірге Бакуге келіп, алдағы маңызды кездесу алдындағы оқу-жаттығу жиынын жалғастырады. Қазақстандық файтерді октагонға шығуға бір айға жуық уақыт қалды.
Команда баспасөз қызметінің хабарлауынша, дайындықтың ең жауапты кезеңі дәл осы Бакуде өтеді.
«Келесі UFC жекпе-жегіне дайындалып жатқан Асу Алмабаев командасымен бірге Бакуге келді. Дайындықтың шешуші кезеңі осы қалада өтеді. Асуға 27 маусымдағы кездесуге тыңғылықты дайындалып, октагонға ең үздік бабында шығуына тілектеспіз», – делінген Dar Pro Team хабарламасында.
Асу Алмабаев (23-3) 2026 жылдың 27 маусымында Бакуде өтетін UFC Fight Night 280 турнирінде өнер көрсетеді. Қазақстандық спортшының қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон (19-8) болады.
Қазіргі таңда Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесі рейтингінде сегізінші орында тұр. Ал Джонсон дивизионның 14-сатысында орналасқан.
UFC Fight Night 280 турнирі Әзербайжан астанасында өтетін ең ірі аралас жекпе-жек кештерінің бірі болмақ. Алмабаев пен Джонсон арасындағы жекпе-жек турнир картасының маңызды кездесулерінің қатарына енді.
Фото: ©instagram.com/darteam.kazakhstan/
Бразилияның үздік ойыншыларының бірі әлем чемпионатына қатыса алмайды
Ең көп оқылған