Мәзір
Хоккей

Талғат Жайлауов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Сабина Асқарқызы 145 қаралым
Талғат Жайлауов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Қазақстан ұлттық хоккей құрамасының тізгіні Талғат Жайлауовқа тапсырылды. Жаңа бас бапкер командамен бірге 20-23 қараша аралығында Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастайды, деп хабарлайды malimsports.kz.

Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы да кеңейтілді: «Номад» клубының бас бапкері Константин Пушкарёв, «Торпедо» тізгінін ұстап отырған Андрей Корабейников және «Номадтың» қақпашылар жаттықтырушысы Александр Кудрявцев штаб құрамына қосылды.

Талғат Жайлауов бұған дейін «Барыс» клубының жаттықтырушылар құрамында жұмыс істеген. 2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу, 2025 жылғы Азия және 2025 жылғы әлем чемпионаттарында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды. Ойыншы ретінде 2006 жылы ұлттық құрамада дебют жасап, тоғыз әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу турниріне және екі Азия ойындарына қатысты. Кәсіби мансабын 2020 жылы «Сарыарқа» сапында аяқтаған.

Константин Пушкарёв биылғы маусымда «Номадтың» бас бапкері атанып, командасын чемпионат көшбасшыларының біріне айналдырды. Бұрын «Барыс» жаттықтырушылар штабында қызмет еткен, сондай-ақ ҰХЛ-де «Лос-Анджелес Кингз» клубында ойнаған. Ұлттық құрамада 7 әлем чемпионатына қатысып, мансабын 2019 жылы аяқтады.

Андрей Корабейников Өскеменнің «Торпедосын» өткен маусымнан бері басқарып келеді. Оның жетекшілігімен команда Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ойыншы ретінде ҚХЛ, ЖХЛ және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсеткен.

Қақпашылар жаттықтырушысы Александр Кудрявцев – тәжірибелі маман. Ол жастар және әйелдер құрамаларының әлем чемпионаттарында бапкерлік еткен және қазіргі уақытта «Номад» клубында қызмет атқарады.

Айта кетейік, жаңа құрам – ұлттық команда тарихындағы ең жас жаттықтырушылар штабы. Орташа жасы 40-қа да жетпейді және барлық мамандар – Өскемен хоккей мектебінің түлектері.

 

 

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Мақаланы бөлісу
Осы тақырыпта

Ұқсас жаңалықтар