Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Барыстың» бұрынғы бас бапкері Андрей Шаянов Челябинскінің «Трактор» командасының бапкерлік құрамына қосылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Клубтің ресми Instagram парақшасында: «Евгений Корешковтың ассистенті ретінде Андрей Шаянов тағайындалды. Келісім 2025/2026 жылғы маусымның соңына дейін жасалған», – деп хабарланды.
Шаянов бұған дейін «Барыс Жастар» командасының бас бапкері қызметін атқарған. Қазақстан құрамасынан кеткені туралы ақпарат 1 қаңтарда жарияланған.
Қазіргі уақытта «Трактор» 40 ұпаймен ҚХЛ-дің Шығыс конференциясының кестесінде 6-орында тұр, ал елордадағы «Барыс» 36 ұпаймен 9-орында орналасқан.
«Трактор» — Гагарин кубогінің екі дүркін финалисі (2013, 2025), Құрлықтық кубок иегері (2012) және Шығыс конференциясы кубогінің екі дүркін жеңімпазы (2013, 2025).
Фото: "Барыс" ХК