ҚХЛ: «Барыс» Қытайда «Шанхай Дрэгонсты» ірі есеппен ұтты
Астаналық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында Қытайдың «Шанхай Дрэгонс» командасымен кездесті.
Сырт айдында өткен ойында қазақстандық клуб 8:4 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Кездесу басында айдын иелері есеп ашты. Матчтың 57-секундында Саттер «Шанхай Дрэгонс» командасын алға шығарды. Алайда «Барыс» жылдам жауап қайтарды. Бірінші кезеңнің ортасына қарай астаналық команда Савицкий, Уолш, Веккьоне және Мореллидің шайбаларының арқасында есепті 4:2-ге жеткізді. Бірінші кезең 4:3 есебімен «Барыстың» пайдасына аяқталды.
Екінші кезеңде де қазақстандық хоккейшілер шабуылды үдетіп, тағы екі шайба соқты. Үшінші кезеңде де елордалық клуб тағы екі рет қарсылас қақпасын дәл көздеп, матч тағдырын толық шешті.
Кездесудің басты қаһарманы Майкл Веккьоне болды. Ол матчта хет-трик жасап, команданың жеңісіне үлкен үлес қосты.
Сонымен қатар қазақстандық жас ойыншылар да нәтижелі ойын көрсетті. Семен Симонов пен Всеволод Логвин өз есімдерін мергендер тізіміне енгізіп, команда резервінің әлеуетін көрсетті.
«Шанхай Дрэгонс» (Шанхай, Қытай) – «Барыс» (Астана) 4:8 (3:4, 1:2, 0:2)
Бұл жеңіске қарамастан «Барыстың» турнир кестесіндегі орны өзгерген жоқ. Команда 63 матчтан кейін 49 ұпаймен Шығыс конференциясында 10-орында тұр. Ал «Шанхай Дрэгонс» 54 ұпаймен Батыс конференциясында 9-сатыда орналасқан.
Дегенмен бұл жеңіс команда үшін психологиялық тұрғыдан маңызды. «Барыс» соңғы сәтсіз ойындар сериясын тоқтатып, маусымда да нәтижелі хоккей көрсете алатынын дәлелдеді.
«Барыс» енді келесі үш кездесуін сырт алаңда өткізеді. 10 наурызда Ресейде «Амур» (Хабаровск) клубымен кездессе, 12 және 13 наурыз күндері Владивостокта «Адмирал» командасына қарсы ойнайды.
Фото: ҚХЛ
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған