457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ҚХЛ: «Барыс» елордада «Адмиралды» қабылдайды

Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады

Қазақстандық Барыс командасы бүгін, 28 қаңтарда, Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы кезекті ойынын елордада өткізеді. Бұл жолы астаналықтар Ресейдің Адмирал (Владивосток) клубымен шеберлік байқасады.

Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазіргі уақытқа дейін командалар өзара 36 рет кездескен. Оның 17-сінде елордалық ұжым жеңіске жетсе, қалған матчтарда қарсылас басым түскен.

«Барыс» сапында Кирилл Савицкий жарақаттан толық айығып, бірнеше күннен бері командамен бірге жаттығуға кіріскен. Ал Мэйсон Мореллидің бүгінгі матчқа қатысуы әзірге белгісіз.

Ал «Адмирал» жуырда бірқатар ойыншымен қош айтысты. Олардың қатарында команданың ең нәтижелі хоккейшісі Даниил Гутик, сондай-ақ Игорь Гераськин мен Егор Петухов бар. Өз кезегінде ұжым қақпашы Иван Кульбаковты, қорғаушы Семён Ибрагимовты және шабуылшылар Даниэль Усманов пен Егор Чезгановты сапына қосты.

Соңғы бес кездесудің үшеуінде «Барыс» аталған қарсыласына жол берген.

Турнир кестесінде астаналық клуб 51 ойыннан кейін 39 ұпай жинап, Шығыс конференциясында 10-орында тұр. Плей-офф аймағынан команданы 8 ұпай бөліп тұр. Ал «Адмирал» 48 матчтан кейін 34 ұпаймен 11-сатыда келеді.

Айта кетейік, «Барыс» бұдан кейін үш ойынын сырт алаңда өткізеді. 31 қаңтар мен 2 ақпанда Хабаровск қаласында «Амурмен» кездессе, 4 ақпанда Владивостокта «Адмиралға» қарсы ойнайды.

Фото: «Барыс»