ҚХЛ: «Барыс» Астанада «Динамодан» ұтылды

Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойында өз мұз айдынында Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасына 1:3 есебімен жол берді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Ойын барысы
Кездесудің 5-минутында қонақтар сапынан Алекс Лимож есеп ашып, «Динамо» алға шықты.
32-минутта «Барыс» шабуылшысы Майкл Веккионе таразы басын теңестірді.
Алайда көп ұзамай, 34-минутта сол Алекс Лимож қайтадан мергендік танытып, қонақтарды алға шығарды.
Ал 39-минутта Сэм Энас соңғы нүктені қойып, қорытынды есепті белгіледі — 1:3.
Екінші кезеңде, 30-минутта, мұз айдынында шиеленіс орын алып, «Барыс» ойыншысы Алихан Асетов пен минскілік Илья Усов жұдырықтасып қалды. Екі хоккейшіге де бес минуттық айып берілді.
Статистика және алдағы ойындар
Бұл жеңіліс «Барыс» үшін жаңа маусымдағы алғашқы сәтсіздік болды. Бұған дейін астаналық клуб өз айдынында ресейлік «Тракторды» (4:3, овертайм) және «Амурды» (4:3, буллит) тізе бүктірген еді.
Екі команда бұған дейін 54 рет кездескен. Соның ішінде 24 ойында «Барыс» жеңіске жетсе, қалған матчтарда қарсыласы үстем түсті. Соңғы бес кездесу ішінде қазақстандық клуб төрт рет есе жіберген.
«Барыстың» келесі ойыны 15 қыркүйекте елордада өтеді. Бұл жолы астаналық клуб ресейлік «Динамо» (Мәскеу) командасын қабылдайды. Бұл матч маусымдағы алғашқы өз алаңындағы сериядағы соңғы кездесу болмақ.
Фото: "Барыс" ХК


Ең көп оқылған
