Қазақстандық жас хоккейшілерді кемсіткен комментатор уақытша эфирлерден шеттетілді
Ресейдің «12-арнасы» телеарнасының комментаторы Максим Гречанин қазақстандық «Астана» балалар хоккей командасының ойыншыларына қатысты эфир барысында бейәдеп әрі қорлайтын сөздер айтып қойғаннан кейін эфирден шеттетілді, деп хабарлайды malimsports.kz.
1bol.kz-дің жазуынша, оқиға 12 қаңтар күні Омбы қаласында өткен балалар хоккей турнирінде, «Астана» - «Сибирь» матчы басталар алдында болған. Микрофон өшірілмеген сәтте айтылған бұл сөздер тікелей эфир жазбасына түсіп, кейін әлеуметтік желілерде кең тарады. Бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Жанжалдан кейін Максим Гречанин көпшілік алдында кешірім сұрап, бұл әрекетін «өрескел әрі этикаға сай келмейтін» қылық деп атады. Оның айтуынша, айтылған сөздер ешқандай ұлтаралық араздық тудыруды мақсат етпеген және мүлде эфирге шығуға тиіс болмаған.
Сондай-ақ турнир ұйымдастырушылары мен Ресейдің хоккей федерациясы ресми түрде кешірім білдіріп, оқиғаға байланысты тексеріс басталғанын хабарлады. Ал қазақстандық жас спортшылардың ата-аналары ресми шағым түсірген.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, комментатор уақытша эфирлерден шеттетілген. Құқық қорғау саласының мамандары бұл жағдайдың құқықтық салдары болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Аталған оқиға қазақстандық жанкүйерлер арасында кең талқыланып, балалар спорты, спорттағы әдеп пен кәсіби жауапкершілік мәселесін қайта көтерді.
Фото: mhl.khl.ru
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған