«Барыстың» бапкері қазақ тілін үйренуден бас тартты
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елордалық «Барыс» клубының бас бапкері Михаил Кравец қазақ тілін үйрену жоспары жоқ екенін айтты.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ресейлік маманға журналистердің бірі:
– Сіз «Барыста» бірнеше айдан бері жұмыс істейсіз. Қазақ тілін үйрене бастадыңыз ба? – деп сұрақ қойды.
Кравец бұл сауалға келесідей жауап берді:
– Білесіз бе, бәрі орысша сөйлейді, кейде ағылшынша да жеткілікті... Уақытым жетпейді. Онда маған қытай тілін де үйренуге тура келер еді. Сондықтан орыс және ағылшын тілдері жеткілікті деп ойлаймын. Оның үстіне бәрі бәрін түсінеді, – деді ол.
Бапкердің бұл жауабы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көптеген қазақстандықтар елдің басты хоккей клубын жаттықтырып отырған маманның мемлекеттік тілге деген бейжай көзқарасына наразы екенін білдірді. Ал кейбір жанкүйерлер Кравецтің басты міндеті – спорттық нәтиже екенін айтып, оны қорғауға тырысты.
«Барыс» пен «Ак Барс» матчы
Айта кетейік, «Барыс» 7 қазанда Қазан қаласында өткен матчта жергілікті «Ак Барс» клубына 3:4 есебімен есе жіберді.
Ойынның үшінші кезеңінің басында қазақстандық команда 0:4 есебімен ұтылып жатқанымен, небәрі 140 секундта үш шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан. Дегенмен, ұпай алу үшін бұл жеткіліксіз болды.
Қазіргі уақытта «Барыс» ҚХЛ турнир кестесінде төменгі орындардың бірінде тұр. Команда он кездесудің үшеуінде ғана жеңіске жеткен.
Михаил Кравец — 58 жастағы ресейлік хоккей маманы.
Ол «Барыс» клубының тізгінін 2024 жылдың жазында ұстады.
Бұған дейін Санкт-Петербургтің «СКА-Нева», «Витязь», «Адмирал» және басқа да командаларды жаттықтырған.
Кравец - ҚХЛ тарихындағы тәжірибелі бапкерлердің бірі саналады.
Фото: hcbarys.kz
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған