«Барыс» тағы бір канадалық қорғаушымен келісімшарт жасасты

Елордамыздың «Барыс» хоккей клубы тәжірибелі канадалық қорғаушы Тайлер Уозерспунды қатарға қосты, деп хабарлайды malimsports.kz.
Хоккейшімен келісім бір маусымға жасалды және ол 2026 жылдың 31 мамырына дейін күшінде болады.
Уозерспун АХЛ-де 700-ден астам матч өткізген, ал ҰХЛ-де 36 рет мұзға шыққан. 2022 жылы ол Канада құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасына қатысқан. Өткен маусымда «Лаваль Рокет» клубында өнер көрсетіп, 79 кездесуде (оның ішінде плей-оффтағы 7 ойында) 2 шайба соғып, 16 нәтижелі пас берген.
Биылғы маусымда «Барыс» бұған дейін америкалық Адам Шил, Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, Мэйсон Морелли және канадалық Джейк Массимен келісімге келген еді.
Қазір сегіз ойыннан кейін елордалық клуб турнир кестесінде 7 ұпаймен 19-орында тұр.
Алдағы үш ойынды «Барыс» Астанада өткізеді: 27 қыркүйекте «Сибирьге» (Новосібір), 29 қыркүйекте «Адмиралға» (Владивосток), ал 1 қазанда «Локомотивке» (Ярославль) қарсы ойнайды.
Фото: «Барыс» хоккей клубы


Ең көп оқылған
