Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті ойынын елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізді.
Астаналық ұжым тартысты кездесуде жеңіске жетті.
Матчтың алғашқы бөлігінде елордалықтар басымдық танытты. 23-минутта Дінмұхамед Қайыржан, ал 28-минутта Мэйсон Морелли қарсыластың қақпасына шайба соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Алайда ресейлік команда ойынға қайта оралып, 31-минутта Кёртис Волк, ал 40-минутта Александр Шаров гол соғып, таразы басын теңестірді – 2:2.
Негізгі уақыт тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Қосымша кезеңнің 64-минутында Тайс Томпсон жеңіс шайбасын соғып, «Барысқа» маңызды жеңіс сыйлады – 3:2.
Осылайша елордалық клуб бес матчтық жеңіліс сериясын тоқтатты және турнир кестесінде 21 ұпаймен Шығыс конференциясында сегізінші орынға көтерілді.
«Автомобилист» 31 ұпай жинап, төртінші орында тұр.
«Барыс» келесі ойынын 9 қараша күні өз айдынында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді.
Фото: ©ХК "Барыс"