Астаналық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті ойынын Мәскеуде жергілікті «Динамо» командасымен өткізіп, сырт айдында жеңіске жетті, деп хабарлайды malimsports.kz.
Кездесудің алғашқы кезеңінде екі тарап та белсенді шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде 27-минутта «Динамо» сапынан Макс Комтуа есеп ашса, үш минуттан кейін Аңсар Шайхмедденов жауап қайтарды.
Шешуші үшінші кезеңде «Барыс» толық басымдық танытты. 41-минутта Семён Симонов мергендік танытып, артынша 42-минутта Иэн Маккошен есепті ұлғайтты. 52-минутта Дінмұхамед Қайыржан тағы бір шайба соғып, айырмашылықты арттырды. 55-минутта «Динамо» ойыншысы Никита Гусев бір голмен жауап қайырғанымен, матч тағдыры шешіліп қойған еді.
Қорытынды есеп – 4:2. Осылайша «Барыс» қатарынан екінші рет жеңіске жетті. Бұған дейін астаналықтар Екатеринбургте «Автомобилистті» 4:1 есебімен ұтқан болатын.
Енді қазақстандық клуб алдағы төрт кездесуін өз алаңында өткізеді. «Барыс» 21 желтоқсанда «Сочиді» қабылдайды, 23 желтоқсанда «Трактор» (Челябі), 25 желтоқсанда «Автомобилист» (Екатеринбург) және 27 желтоқсанда «Амур» (Хабаровск) командаларымен кездеседі.
Фото: "Барыс" ХК