«Барыс» атақты қарсыласынан реванш алды
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті матчын Астанада өткізіп, Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын 2:1 есебімен жеңді.
Кездесу өте жоғары қарқында басталды. Алдымен 12-минутта уфалық хоккейші Артур Фаизов есеп ашты. Алайда көп ұзамай «Барыс» таразы басын теңестірді. 15-минутта Джейк Масси Мэйсон Мореллидің керемет пасын сәтті пайдаланып, шайбаны қақпаға дәл бағыттады – 1:1.
Бірінші кезең соңында қаптал маңында жаппай қақтығыс та орын алып, ойын қыза түсті.
Екінші 20-минуттықта айдын иелері ойынды бақылауға алып, қауіп төндіретін шабуылдарды көбейтті. 32-минутта «Барыс» капитаны Әлихан Әсетұлы қақпашыны жаңылытып, шайбаны қақпаның «төріне» дәл тоғытты – 2:1.
Соңғы жиырма минутта «Салават Юлаев» қарқынын күшейтті. 49-минутта уфалық Владислав Ефремов төрт минуттық айып алып, қонақтар құрам жағынан азайып қалды. «Барыс» бұл мүмкіндікті голға айналдыра алмағанымен, қорғаныста сауатты ойнады.
Матч соңында уфалықтар қысымды күшейткенмен, нәтижеге жете алмады. «Барыс» ойын соңына дейін есепті сақтап қалып, қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Осы жеңістен кейін «Барыс» турнир кестесінде екі сатыға көтеріліп, 27 ұпаймен 16-орынға жайғасты.
«Салават Юлаев» 23 ұпаймен 19-орнында қалды.
Осыған дейін астаналық клуб «Локомотивті» (4:0), «Сочиді» (2:1) жеңген еді.
«Барыс» келесі ойынын 23 қарашада өз айдынында омбылық «Авангардқа» қарсы өткізеді.
Фото: «Барыс» хоккей клубы
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан алғашқы бес команда анықталды
Ең көп оқылған