«Барыс» Астанада бесінші рет жеңілді
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубы бүгін, 12 қазанда, Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) аясындағы кезекті кездесуін елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізді.
Ойын жоғары қарқында басталды. Алғашқы минуттардан-ақ екі команда белсенді әрекет етті.
4-минутта елордалық клубтың шабуылшысы Кирилл Панюков есеп ашып, «Барысты» алға шығарды.
Бірақ көп ұзамай, 5-минутта қонақтар сапынан Максим Летунов таразы басын теңестірді.
8-минутта қазақстандық команданың қорғаушысы Райли Уолш тағы бір шайба соғып, есепті 2:1-ге жеткізді. Осы нәтижемен алғашқы период аяқталды.
Екінші кезеңде «Торпедо» басымдықты өз қолына алды. 27-минутта Сергей Гончарук, ал 29-минутта Александр Яремчук мергендігімен көзге түсіп, есепті 2:3-ке өзгертті.
Дегенмен, 30-минутта «Барыс» ойыншысы Семён Симонов есепті теңестірді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады: 31-минутта Михаил Абрамов, ал 34-минутта Алексей Кручинин шайба соғып, қонақтар жеңісті жұлып әкетті – 3:5.
Осылайша, «Барыс» өз айдынында қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберді.
Бұған дейін екі команда да қатарынан төрт матчта жеңіліс тапқан болатын. Бұл жолы «Торпедо» сол сәтсіз серияны тоқтатты.
Қазіргі уақытта «Барыс» Шығыс конференциясында 15 ойыннан кейін 13 ұпаймен жетінші орында тұр.
Ал «Торпедо» Батыс конференциясында 16 ойыннан кейін 19 ұпаймен екінші орында келеді.
Елордалық клуб алдағы төрт матчын да өз айдынында өткізеді:
14 қазан – «Сибирь» (Новосібір, Ресей)
16 қазан – «Авангард» (Омбы, Ресей)
18 қазан – «Ак Барс» (Қазан, Ресей)
24 қазан – «Амур» (Хабаровск, Ресей)
"Барлығына ұнау мүмкін емес": Шерхан Қалмұрза "сыншылар" туралы пікір білдірді
Ең көп оқылған