«Барыс» алты матчқа созылған сәтсіз серияны аяқтады
Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты маусымындағы кезекті матчта астаналық «Барыс» сырт айдында Владивостоктың «Адмиралымен» кездесті.
Бұл ойын 4:1 есебімен елорда командасының пайдасына шешілді.
Матчтың алғашқы кезеңі тең дәрежеде өтті. Екі команда да сақ ойын көрсетіп, қорғанысқа басымдық берді. Нәтижесінде бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші 20-минуттықта басымдық біртіндеп «Барысқа» өтті. Ойынның басында Кирилл Савицкий есеп ашса, араға көп уақыт салмай Дінмұхамед Қайыржан астаналықтардың басымдығын еселей түсті.
Үшінші кезеңде қазақстандық клуб қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Ойынның екінші минутында Эмиль Галимов есепті ұлғайтса, матчтың ортасында Майк Веччионе тағы бір шайба соғып, ойын тағдырын шешті. Кездесудің соңына қарай «Адмирал» басымдықты пайдаланып, бір шайбамен жауап қайтарды.
Бұл жеңіс «Барысқа» алты матчқа созылған жеңіліс сериясын тоқтатуға мүмкіндік берді. Михаил Кравец жаттықтыратын команда 42 ұпай жинап, Шығыс конференциясында 10-орында тұр. Ал «Адмирал» 37 ұпаймен конференцияның соңғы, 11-орнында қалып отыр.
Келесі ойында «Барыс» өз айдынындағы матчтар сериясын бастайды. 12 ақпанда астаналықтар Хабаровскінің СКА командасын қабылдайды.
Фото: «Барыс» ХК баспасөз қызметі
Карло Анчелотти Неймарды тағы да Бразилия құрамасына шақырмады
Ең көп оқылған