Техникалық ақау француз шахматшысын $45 мың доллардан айырды
Франциялық гроссмейстер Алиреза Фирузджа Парижде өткен шахматтан Esports World Cup (EWC) турнирінде техникалық ақауға байланысты үшінші орын үшін күрестен айырылып, $45 мың жүлдеден қағылды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Фирузджа америкалық шахматшы әрі командаласы Хикару Накамурамен үшінші орын үшін матч өткізген. Ойын барысында екі спортшының да экраны өшіп, техникалық ақау пайда болған. Мәселені бірнеше минут ішінде шешу мүмкін болмаған соң, Фирузджа аренадан өз еркімен кетіп қалған.
Ал Накамура ұйымдастырушылардың шешімін шамамен 20 минут күткен. Нәтижесінде оған техникалық жеңіс беріліп, матч 4:1 есебімен аяқталған.
Осы шешімнен кейін Фирузджа турнирде төртінші орынға тұрақтап, $100 мың алды. Ал үшінші орынның жүлдесі $145 мың болған. Яғни шахматшы жүлде қорының $45 мыңынан айырылды.
Турнирдің жеңімпазы – әлемнің 16-чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсен. Ол $250 мың көлеміндегі жүлдеге ие болды. Екінші орын беларусьтік Денис Лазавикке бұйырып, ол $190 мың алды.
EWC – киберспорттағы ең ірі жарыстардың бірі. Шахмат бәсекесінде гроссмейстерлер бір алаңда отырғанымен, партияларды компьютер арқылы ойнайды.
Фото: Global Look Press
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған