Бибісара Асаубаева Қазақстан чемпионатында неге жеңіске жетпегенін түсіндірді
Блицтен үш дүркінәлем чемпионы Бибісара Асаубаева ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында неге әлі күнге дейін топ жармағанын айтып берді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Шахматшы Instagram желісіндегі оқырмандарының сұрақтарына жауап беру барысында әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бірде-бір рет жеңімпаз атанбағанын айтты.
Қызық жағдай, бірақ әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында бірде-бір рет жеңіске жеткен емеспін. Бұл турнирге небәрі бір рет – 10 жасымда қатыстым. Кейін 16 жасымда тағы бармақ болдым, бірақ сол кезде ковидке қарсы тестім оң нәтиже көрсетіп, жарысқа қатыса алмадым, – деді Бибісара Асаубаева.
Оның айтуынша, 17 жасында блицтен әлем чемпионы атанғаннан кейін ұлттық чемпионатқа тұрақты қатысудың қажеттілігі болмаған.
Сонымен қатар Бибісара балалар арасындағы Қазақстан чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарған. Ол 8, 10 және 12 жасқа дейінгі жас санаттарында ел чемпионы атанған.
Бұдан бөлек, шахматшының айтуынша, 9 жасында 10 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы блицтен Қазақстан чемпионатында да жеңіске жеткен.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – халықаралық гроссмейстер, блицтен үш дүркін әлем чемпионы (2021, 2022, 2025), 2021 жылғы рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионы.
Фото: Kazchess
Әлібек Қасым ресейлік клубтан түскен ұсыныстан бас тартты
Ең көп оқылған