Спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыруы туралы ақпаратқа пікір білдірді
Еліміздің туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Парламент кулуарында шахматшы Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыруы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды malimsports.kz.
Журналистердің осы мәселеге қатысты сауалына жауап берген вице-министр мұндай мәселе күн тәртібінде жоқ екенін айтты.
«Қайталап айтқым келеді, Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыру мәселесі мүлде көтеріліп отырған жоқ. Бұл әңгімені кім шығарғанын және не үшін талқыланып жатқанын білмеймін», - деді Серік Жарасбаев.
Оның айтуынша, Бибісара Асаубаева - Қазақстанның нағыз патриоты және ел спортының тарихында ерекше жетістікке жеткен спортшы.
«Қазақстан шахматы тарихында әлем чемпионатында қатарынан үш мәрте алтын медаль жеңіп алған тұңғыш спортшы бар. Біз Бибісараны ерекше құрметтейміз. Қаржылық мәселелерге қатысты көтерілген сұрақтардың барлығы шешімін тапты», - деді вице-министр.
Серік Жарасбаевтың сөзінше, жақын күндері Бибісара Асаубаева Астанаға келіп, Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградасын алады.
Еске салайық, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жасап, өзіне көрсетілетін қолдаудың жеткіліксіз екенін және жалақысының үш есеге қысқарғанын мәлімдеген болатын.
Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі арнайы брифинг өткізіп, спортшыға бөлінген қаржы көлемін жариялады. Вице-министр Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның жалақысы үш есеге қысқарғанын растап, оның себебін түсіндірген еді.
Фото: Getty Images
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған