Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатында рапидтен үш алтын медаль жеңіп алды
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан 28-ші Азия жастар шахмат чемпионатында отандық спортшылар рапид бағдарламасы бойынша сәтті өнер көрсетіп, алты медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, деп хабарлайды malimsports.kz.
Азия чемпионы атанғандар қатарында 10 жасқа дейінгі санатта өнер көрсеткен Нұрмұхамед Елемес, 12 жасқа дейінгі санаттағы Әміржан Әнетов және 14 жасқа дейінгі санаттағы Мақсат Байсалбеков бар.
Күміс жүлдені 10 жасқа дейінгі санатта Әдинұр Әділбек жеңіп алды. Ал Амалия Едрешева (G10) мен Әлішер Әбдісаттар (O14) қола медаль иеленді.
Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары нәтиже. Былтырғы Азия жастар чемпионатында қазақстандық шахматшылар рапид бойынша небәрі екі жүлде алған болатын. Оның ішінде Әміржан Әнетов Азия чемпионы атанса, Алихан Назарбек қола жүлдеге қол жеткізген еді.
Азия жастар чемпионаты 16-24 шілде аралығында өтеді. Биылғы додаға Азияның 29 елінен және аумағынан 900-ге жуық жас шахматшы қатысып жатыр. Жарыстар 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша ұйымдастырылған.
17 шілдеден бастап қатысушылар классикалық шахматтағы жүлделерді сарапқа салады. Ал чемпионаттың соңғы күні – 24 шілдеде блиц бойынша жеңімпаздар анықталады.
Фото: KazChess
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған