Динара Сәдуақасова жас шахматшыға атаулы шәкіртақы тағайындады
Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова 20 шілдеде атап өтілетін Халықаралық шахмат күні қарсаңында дарынды жас шахматшыларды қолдауға арналған атаулы шәкіртақы тағайындады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бастама өңірлердегі талантты балалардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған. Бағдарлама аясында ерекше қабілетімен көзге түскен жас шахматшыларға оқу-жаттығу процесін жалғастыруға, жарыстарға қатысуға және шеберлігін арттыруға қаржылай қолдау көрсетіледі.
Бағдарламаның алғашқы лауреаты – Атырау облысының 9 жастағы шахматшысы Ермұхан Саламат. Ол бір жыл бойы ай сайын 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Жалпы грант көлемі – 1 200 000 теңге.
Динара Сәдуақасованың айтуынша, Ермұхан жоғары аналитикалық қабілетімен және болашағынан зор үміт күттіретін жас шахматшы ретінде ерекшеленеді. Алайда өңірлердегі көптеген дарынды балалар секілді оның да халықаралық және республикалық турнирлерге қатысуы, кәсіби деңгейде дайындалуы үшін тұрақты қаржылық қолдау қажет.
Қазақстанда шахматқа қызығушылық өте жоғары. Бірақ болашақ чемпиондар тек Астана мен Алматыда ғана тәрбиеленбейтінін түсінуіміз керек. Өңірлерде де үлкен әлеуетке ие балалар көп. Алайда кәсіби спорт, әсіресе балалар спорты алғашқы кезеңде елеулі қаржылық қолдауды талап етеді. Мықты бапкерлермен жұмыс істеу, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысу шығындары бар. Бұл шәкіртақы талантты әрі жігерлі, бірақ мүмкіндігі шектеулі балаларға нақты қолдау көрсетуді мақсат етеді, – деді Динара Сәдуақасова.
Гроссмейстердің айтуынша, шәкіртақы бағдарламасы алдағы жылдары да жалғасып, еліміздің түрлі өңірлеріндегі дарынды жас шахматшыларды қамтиды.
Айта кетейік, Динара Сәдуақасова – жасөспірімдер арасындағы бірнеше дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, әйелдер арасындағы рапид бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, ерлер арасындағы халықаралық спорт шебері және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі.
Фото: Динара Сәдуақасованың жеке парақшасынан
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған