Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш әлем чемпионаты өтеді
4-9 тамыз аралығында Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE World University Team Chess Championship – FIDE командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңі өтеді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Әлем чемпионатының финалына 16 университет командасы қатысады. Олардың қатарында Оксфорд, Кембридж және Гарвард секілді көпғасырлық тарихы бар, шахмат дәстүрі қалыптасқан әлемнің беделді жоғары оқу орындары бар. Қазақстан атынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық спорт университеті өнер көрсетеді.
Турнир Қазақстан мен Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) арасындағы ынтымақтастықтың жалғасы саналады. 2025 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев FIDE президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп, Қазақстанда халықаралық жарыстар өткізу және бірлескен шахмат жобаларын дамыту мәселелерін талқылаған болатын. Кездесу барысында Мемлекет басшысы шахматтың спортпен қатар білім мен интеллектуалдық мәдениетті дамытатын маңызды құрал екенін атап өткен.
Финалдық кезеңге қатысатын 16 команданың сегізі онлайн іріктеу нәтижесінде жолдама алса, қалған сегіз команда FIDE мен ұйымдастырушылардың арнайы шақыруы арқылы қатысады.
Жарыстың алғашқы кезеңінде командалар төрт топқа бөлінеді. Әр топтан үздік шыққан екі ұжым плей-офф кезеңіне жолдама алып, ширек финал, жартылай финал және жүлделі орындар үшін кездесулер өткізеді.
Әр матч төрт тақтада ойналады. Турнир регламентіне сәйкес, әр команда құрамында кемінде бір ер және бір әйел спортшы болуы тиіс. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 50 мың еуро.
Фото: ҚШФ
"Мбаппеге үлкен соққы": Моуринью "Реал Мадридтің" танымал ойыншысын сатуға ниетті
Ең көп оқылған