Жеңіс Қасымбек әлем чемпионы атанған боксшыларға 30 млн теңгеден сыйақы берді

Бокстан әлем чемпионы атанған астаналық Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбайға қала әкімдігі 30 млн теңгеден сыйақы берді, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Әлеуметтік желіде жазба жариялаған шенеунік астаналық спортшылардың Ливерпульде (Ұлыбритания) бокстан өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медальдар жеңіп алғанын атай келе, оларға көрсетілген құрмет туралы айтты.
«Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, керемет нәтиже көрсетті. Олар өз үлгісімен еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің үлкен жетістіктерге апаратынын көрсетті. Бұл жетістіктерге бапкерлерінің де қосқан үлесі зор. Астана ылғи да спортты қолдап, талантты спортшыларымыздың дамуына жағдай жасап келеді. Мәселен, қаламызда Боксты дамыту орталығы бар, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы Спорт кешені пайдалануға берілді. Сіздерді осы жеңістеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Алда сіздерге үлкен табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілеймін», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Бүгінде елорда атынан сынға түстен ұлттық құрама боксшысы Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Санжар алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын жеңіп алған еді, екі жылдан кейін бұл жетістігін Ливерпульде 50 кг салмақта қайталады. Ал Айбек Оралбай өз есімін Қазақстан спорты тарихында алтын әріптермен жазды. Ол әлем чемпионатында суперауыр салмақта ел тарихындағы тұңғыш алтын жүлдеге қол жеткізді.
Нәтижесінде еліміз жалпы есепте бірінші орынға шығып, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Бұған дейін еліміздің бокс федерациясы әлем чемпионы атанған боксшыларға 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берген еді. Сондай-ақ, күміс жүлдегерге 50 мың, ал қола медаль иесіне 30 мың доллар табыстады.
Фото: Жеңіс Қасымбектің әлеуметтік желідегі парақшасынан


Ең көп оқылған
