Жәнібек Әлімханұлының В сынамасы 8 қаңтарда ашылады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты В сынамасы 8 қаңтар күні ашылады, деп хабарлайды malimsports.kz.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
Әлімханұлы 15 қараша күні мельдоний препаратына оң нәтиже көрсеткен допинг сынамасын тапсырған. Ал VADA-дан (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) ресми хат 2 желтоқсанда келгеннен кейін, оның кубалық боксшы Эрисланди Лараға қарсы үш бірдей чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жегі тоқтатылды.
Нәтижесінде Эрисланди Лара 6 желтоқсанда WBA тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін венесуэлалық Йохан Гонсалеске қарсы жекпе-жекте қорғады.
Жәнібек Әлімханұлы бұл жағдайға бірден пікір білдіріп, мельдонийдің қайдан шыққанын түсінбейтінін айтты. Оның сөзінше, 12 қараша күні тапсырған алғашқы допинг сынамасы таза болған. Ол бұл туралы X (Twitter) әлеуметтік желісінде де жариялаған.
«Мен әрқашан таза спортты қолдап келемін. Бұл жаңалық мені қатты таңғалдырды. VADA алғашқы сынаманы алып, бәрі таза екенін айтты. Мен қолданатын қоспаларды өзгертпедім. Екінші сынамада не болғанын білмеймін, сондықтан қайта тексеруді сұрадым», - деді боксшы.
Фото: Ашық дереккөзден
Станимир Стоилов: Қазақ футболының мәселесі тек ұлттық құрамада емес
Ең көп оқылған